Желтоқсан оқиғасының құрбандарының бірі - Қайрат Рысқұлбековтың ата-анасына жазған «Соңғы хаты» мен сот залында айтқан әйгілі «Ақтық сөзі» һәм өсиет-аманаты кім-кімді де терең толғанысқа, тебіреніске қалдырары сөзсіз. «…Иә, мен сiздерден еш жасырмаймын, мен 18 желтоқсан 1986 жылы алаңға бардым, көпшiлiкпен бiрге. Барғанда да Қонаевтың күйiн күйттеп барған жоқпын. Тек қана, ол жерге барған себебiм, бар мақсатым, бiрiншiден, ол жерде не болып, не iстеп, не қойып жатқанын өз көзiммен көру болды. Екiншiден, алаңда қазақтың уыздай жас қыздарын ұрып-соғып, өлтiрiп жатыр дегендi елден естiген соң, өз басым қолымды жайып «күл болмасаң, бүл бол» деп отыруға еркектiк ар-намысым еш жетпедi. Ер қатарында ер қара боп, саны бар, сапасы жоқ боп, ербеңдеп жүрген намыссыз еркек мен емеспiн, құдайға шүкiршiлiк, менiң де көркейген кеудемде нағыз ерге лайық «намыс» баршылық. Оның үстiне «қыздың жолы жiңiшке» деген. Менiң түсiнiгiмше, әйел адамға ер адамдар тұрмақ, аң екеш аңдардың, хайуандардың еркегi де ұрғашысына мүйiз, я болмаса тұяғын көтермейдi. Ал, бiз бәрiмiз де аң емес, адамзаттың ұлы — адамбыз, сондықтан, ер адам әйел затына қол көтерiп, қол жұмсауға тиiс емес, әуелi еш правосы жоқ. Мiне, қысқаша айтқанда, осындай түсiнiкпен, әйел затына ер болып өз қолұшымды берiп, көмектесуге, оларды арашалап-қорғау үшiн барғаным рас. Сол жерде қолымнан келгенше бiр көмегiмдi бергенiм де рас. Ол үшiн әлi күнге дейiн еш өкiнбеймiн, керiсiнше, үлкен мақтаныш тұтамын. Бiрақ та, бiр Құдай өзi куә, адам баласын еш өлтiргенiм жоқ. Мұндай айуандық жасаудың өзi, сормаңдай менiң қолымнан келмейдi. Еш уақытта, ешқашан да… Ал, әйел затына айуандықпен қол көтерiп, шашынан тартып, көкпарша сүйрегенi үшiн бiр милицияны ұрып-соққаным өте рас. Ол адам күнi бүгiнге дейiн аман-есен зыр жүгiрiп жүр. Өз қолыммен жасаған бар терiс қылық, бар қылмысым осы ғана». Назарларыңызға Қайрат Рысқұлбековтың "Ақтық сөз" атты өлеңін ұсынамыз:
Ақтық сөз
Елбең-елбең жүгірген,
Ебелек отқа семірген
Арғымақ мінген жаратып,
«Ақ сауыт киген темірден,
Алатаудай бабалар,
Аруағыңмен жебей көр!»
Ұлы Ленин бабамыз
Қатарға тең деп тартқан соң,
Компартия басқарып,
Достық отын жаққан соң,
Аға дедік орысты,
Әділдігі жаққан соң.
Ал енді қазір неткен күн,
Орыстан ынсап кеткен күн.
Тізесі қатты батқан соң,
Шыдамастан ақыры,
Қарғыс атқан
Алаңда Қарғыс атқыр жеткен күн.
Қаймана қазақ қамы үшін
Қарусыз шықтық Алаңға.
Алыстан әскер алдырып,
Қырып салды-ау табанда.
Сөйлесем даусым жетпейтін
Кез болдық мынау заманға.
Шовинизм еді ғой
Басты себеп жанжалға.
Екі жүзің қырылып,
Екі жүзің ұрылып,
Екі жүзің сотталып,
Жоқтаусыз кетіп барасың!
Қатарым жусап қалғанда,
Қыршынымнан қиылып,
Солармен бірге өлсемші-ай!
Артта қалған ата-анам,
Арулап қолдан көмсеңші-ай!
Тұтқынға түстім жаутаңдай,
Жоламай ешкім қасыма.
Бара қалсаң, сәлем айт,
Сырттағы құрбы-досыма.
«Ақтық сөзің не?» деген
Бүгін қойды сот сұрақ.
Айтайын оны халқыма:
Жоқ пиғыл менде жасымақ.
Қорлай да беріп қайтадан,
Титыққа орыс жетпесін.
Туған жердің намысы,
Бөтен қолда кетпесін.
Салт-санадан айырылып,
Арақтан ұрпақ азбасын.
Ел көркейтер азамат
Қызғаныштан тозбасын.
Абай туған жерінде
Бомбасын атом жармасын.
Құлыптасты қиратып,
Өлігіңді қазбасын.
Өз ұлтыңның басшысын
Орнынан сүйреп алмасын.
Үміт еткен Мәскеуден
Қарадай көңілің қалмасын.
Ленин салған сара жол.
Қолдаушысыз болмасын.
Барлық ұлтпен тең болып,
Ешкімнен көңілің қалмасын.
Ендігі жерде басыңнан
Бірлік пен бақ таймасын.
Осы айтылған ақтық сөз
Туың болсын әрдайым.
Мойныма алып жаланы,
Мен болайын құрбаның.
Бас-аяғы сол болсын
Басыңа түскен қатердің.
Ақтық сөзді енді мен
Сотқа да бір айтайын:
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алыңдар!
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар.
«Еркек тоқты – құрбандық»,
Атам десең, атыңдар!
Мен не етермін, не етермін,
Мен келмеске кетермін.
Көрмеген, қош бол, таңдарым,
Көре алмай мен өтермін.
Қош, аман бол, артымда
Ағайын, туған азамат!
Артымда қалған ата-анам,
Ел-жұртым, саған аманат!
Толығырақ: http://massaget.kz/layfstayl/debiet/poeziya/23758/
Материалды көшіріп басқанда Massaget.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз